Tax justice network ұйымының мәліметінше, соңғы 25 жылда Қазақстаннан 140–160 млрд доллар шетелге заңсыз шығарылған. Кей сарапшылардың болжауынша, ақша көлемі бұдан да көп.
Ал жемқорлықпен күресті бақылайтын Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары Қазақстандағы "заңсыз шығарылған активтеді қайтару" комиссиясының жұмысына күдікпен қарайтынын мәлімдеді.
Мәлімдеме авторлары Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев жарлығымен құрылған "заңсыз шығарылған активтерді қайтару" комиссиясының қоғамға есеп бермейтініне және жұмыс процесін ашық жүргізбегеніне назар аударған.
"Жер телімі сияқты ұсақ мүлікті қайтару – жетістік емес, әңгіме жалпы ішкі өніммен салыстыруға келетін активтер жөнінде болуы керек"– деді олар.
Transparency Kazakhstan сарапшыларының пікірінше, активтерді қайтару туралы заң жобасы құпия талқылана берсе, олигархтар арасында "тиісуге болмайтын" адамдар тізімі жасалуы мүмкін.
Сондай–ақ, сарапшылар бұл Қазақстанның Жемқорлық бойынша рейтингісін нашарлатып жіберуі мүмкін екенін айтты. Қазақстан 2022 жылғы рейтинг бойынша жемқорлық жайлаған елдер қатарында тұр.
Еске сала кетейік, Қаңтар оқиғасынан Тоқаев ел байлығын белгілі бір топтар иеленіп алғанын бірнеше рет айтқан болатын. Ал "Заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөніндегі" арнайы комиссия 2022 жылы алты айда 631 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеген.
"Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы" заң жобасы 31 наурызға дейін парламентке енгізілуі керек еді, алайда әлі күнге дейін іске аспады.
Пікір қалдыру